Холдингтің жинақталып қалған шығыны 7 млрд теңгеге жетіп отыр
Қазақстан Үкіметі «Зерде» холдингі» акционерлік қоғамын жабу туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Үкіметі 2022 жылдың 5 тамызында «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» акционерлік қоғамын жабуды көздейтін қаулыны қабылдады. Аталған құжат Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілер эталондық бақылау банкінде жарияланады, – делінген хабарламада.
Айта кететін жайт, «Зерде» холдингін жабу жылына шамамен 3 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік беретіндігі айтылған болатын.
2016-2021 жылдары холдингтің жинақталып қалған шығыны 7 млрд теңгеге жетіп отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин президент тапсырмасын орындау үшін «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ын таратуды ұсынғанын жазған едік.