Жігіт қыздың үйіне көмектесу үшін барған
Ақтөбеде анасын өлтіріп, бірнеше күн бойы мүрдесін пәтерде ұстаған оқушы мен оның сүйіктісіне қатысты іс сотта қаралды. Бүгін қылмыстық іске үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы А.Көлжан және А.Саринаға қатысты іс қаралып, бүгін үкім оқылды.
Іс материалына сүйенсек, жәбірленуші 2022 жылдың 14 сәуір күні сағат 21:00-ден өте қызының жігітін үйіне шақырып, шағын жөндеу жұмыстарын жасап беруді сұрайды. Жуынатын бөлмедегі бұрандаларды ауыстыру керегін айтады.
Сол күні айыпталушы жігіт сағат шамамен 23:00-де үй жұмыстарына көмек көрсету үшін барған. Біраздан соң үй иесі ұрыс шығарады. Киім ілгіштегі ілмектің дұрыс еместігі жанжал туындатқан.
Ішімдік ішкен әйел жігіттің қызымен арадағы қарым-қатынасын құптамайтынын да жеткізген. Дау төбелеске ұласқан.
Сол кезде айыпталушы жәбірленушінің оң қолынан ұстап, жүрек тұсына бір рет пышақ сұққан.
Бүгін түске дейін сотталушылар соңғы сөзін айтты.
«Біздің қасақана қылмыс жасағымыз келмеді. Сарапшылар бір адамның ғана пышақ сұққанын айтып отыр. Осыған баса назар аударуыңызды сұраймын. Біз алдын ала келісіп, ақылдасып алғанымыз жоқ. Біз тек оның анасынан алшаққа кетіп, бірге болғымыз келді. Өзім оның ата-ана құқығынан айыру туралы да ойлаған едім. Құрметті сот, Конституцияда «16 жасқа толған бала ата-анасының рұқсатымен отбасы құруға болады» деген. Қыздың анасы қаза болса да оның өкілдерінен отбасы құруға рұқсат сұраймын. Мен оны қамқорлығыма алғым келеді», - деді.
Түстен кейін сотта үкім оқылды.
Судья Алтынбек Сабыров сотталушы А.Көлжанды Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал сотталушы А.Сарина Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Үкіммен келіспейміз. Алғашында қызға деген сезімі жеңіп, «мен» деп айтып қойған. Бір рет пышақ сұқтым деді. Бірақ нақтысын айта алмады. Демек ол емес. Қыз мойындап тұр. Сараптама қорытындысы ескерілмеді деп есептеймін. Көп заңсыздық болды. Балама көп жыл берді. Өзі мектепті үздік бітірді. Бұл жерде кінәсін ішінара мойындады», - дейді сотталушының әкесі Құрманалы Көлжан.