Үкімет тиісті қаулыны қабылдады
Мәдениет және өнер саласындағы 4 университет оқытушыларының еңбекақысы көтерілді, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
«2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары профессор-оқытушылар құрамының лауазымдық еңбекақыларының белгіленген мөлшеріне арттыру коэффициентін ұлғайту (1,75-тен 3,5-ке дейін) көзделген», - деп жазылған хабарламада.
Үкімет тиісті қаулыны қабылдады. Ол 4 шығармашылық жоғары оқу орнына қатысты:
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясы.
Қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Сондықтан осы жылдың өткен айларының еңбекақысы бойынша қайта есептеу жүргізіледі.