×

Теннис: Қазақстан әлем чемпионатында үздік төрттікке кірді

Жасөспірімдер құрамасы жарысты 4-орынмен аяқтады

 Дастан Жұмабекұлы 08.08.2022 | 16:36
фото: ktf.kz

Чехияның Простеев қаласында теннистен 14 жасқа дейінгілер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үздік төрттікке кірді.

Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен терезесі тең өнер көрсетті.

Олар әуелі Аргентина командасын, одан кейін әлем чемпиондары - Италия құрамасын жеңіп, ширек финалға шықты. Өкінішке қарай, қола жүлде үшін матчта қазақстандық жасөспірімдер әлемнің екі мәрте экс-чемпионы –  АҚШ құрамасына жол берді.

Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Джек Кеннедиге есе жіберді. Есеп –  3:6, 3:6. Содан кейін Заңғар Нұрланұлы Китон Хансені 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Жұптық сында Даниэль Тазабеков пен Дамир Жалғасбай Кеннеди –  Ханседен ұтылды. Есеп –  4:6, 3:6.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (капитаны Сергей Квак) төртінші орынға табан тіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама