Әнел Сытдықова Каталина бұғазын 18 сағат 19 минутта жүзіп өтті

Еркеғали Болатұлы

«Үш тәждің ханшайымы» атағы беріліп, «Үштік тәж» клубының мүшелігіне қабылданды

фото: дереккөз

Батыс Қазақстан облысында туып-өскен Әнел Сытдықова Лос-Анджелесте әлемдегі ең ұзақ марафондық қашықтықтардың бірі – Каталина бұғазын тоқтамастан 18 сағат 19 минутта жүзіп өтті деп хабарлады Қазақпарат.

Бұл марафондық жүзу 4 тамыз күні сағат 23.00-де басталып, Әнел мәреге келесі күні жеткен. Бұл аралықты америкалық Ла-Манш деп те атайды. Мұндағы қиындық Ла-Манштағыдай, су салқын және ағыс күрделі. Толқынға қарсы жүзу оңай емес. Сонымен қатар жүзу барысында адам киттермен, дельфиндермен, тіпті акуламен кездесіп қалуы да мүмкін. Осы қиындықтардың бәрінен қорықпай, Каталина бұғазын кесіп өткен Әнел Сытдықова қазақстандық тұңғыш жүзуші атанды.

Айтуынша, жүзу кезінде онымен Bottom Scratcher қайығында 13 адамнан тұратын топ бірге жүрген. Екі тәуелсіз бақылаушы суда жүзудің барлық мәліметтерін жазып, ережелердің сақталуын қадағалап отырған. Қайыққа қол тигізуге болмайды және су костюмін пайдалануға тыйым салынған. Екі төреші 3 сағат сайын ауысады. Қайықтағы 3 экипаж мүшесі де жүзушіні бақылайды. Қалғандары – қайық капитаны мен оның көмекшілері.

Еске сала кетсек, бұған дейін Әнел Сытдықова 2019 жылы 38 шақырымдық Ла-Манш бұғазын 15 сағат 15 минутта және биыл Манхеттендегі 20 көпірді айналып, 48 шақырым қашықтықты жүзіп өткен еді.

Әлемдегі ең беделді осы үш марафонды бағындырған спортшыларға «Үш тәждің ханшайымы» атағы беріліп, «Үштік тәж» (Triple Crown) клубының мүшелігіне қабылданады. Әнел де клубқа кірді. Өткен жылдың желтоқсанында бұл клубқа мүше болғандар саны 265 адам еді.