Арнайы жұмыс тобы құрылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомствоның қызметін қайта форматтау жөніндегі жұмысты бастады.
ҰҚК органдарының, оның ішінде Шекара қызметі мен «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің құрылымын, міндеттері мен функцияларын бағалау және оңтайландыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды.
Терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімшелерінің қызметін қайта құру және нығайту мәселелері жеке шығарылды. Жеке құрамның жауынгерлік дайындығын күшейту бойынша шаралар әзірленді, - делінген ҰҚК хабарламасында.
Еске салайық, қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Одан бөлек, ҰҚК-ның бұрынғы басшысына қатысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген бап бойынша да тергеу басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды.
Бірқатар өңірде Ұлттық қауіпсіздік департаменті басшылары ауысты. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы және Жамбыл облысы бойынша департаменттерінің жаңа басшысы тағайындалды.