Ұлттық банкке жаңа басшы келді
Сенат Ұлттық банк төрағасы лауазымына Ғалымжан Пірматовтың кандидатурасын мақұлдады
Сенат депутаттары Ұлттық банк төрағасы лауазымына Ғалымжан Пірматовтың кандидатурасын мақұлдады.
Конституцияға сәйкес Ұлттық банк төрағасының кандидатурасына келісім беру Сенаттың ерекше құзырына жатады.
ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысы Сенаттың қарауына келісім алу үшін Ұлттық банк төрағасы лауазымына үміткер ретінде Ғалымжан Пірматовты ұсынып отырғанын жеткізді.
Палата депутаттары Пірматовтың кандидатурасына бірауыздан келісім берді.
Сенаттың келісімінен кейін Мемлекет басшысы Ғалымжан Пірматовты Ұлттық банк төрағасы лауазымына тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Ғалымжан Олжаұлы Пірматов 1972 жылы 24 сәуірде дүниеге келді. Новосібір мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген.
Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
2017-2021 жылдары «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ басқарма төрағасы болды.
Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев 31 қаңтарда Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.