Halyq Uni логотип
×

Алматы әкімі автобуста әйелді құтқарған жігітке бағалы сыйлық берді

23 жастағы Райымбек Медетбек қала әкімдігіне қарасты мекемеде жұмыс істейді

 Халық үні 08.08.2022 | 14:17
Алматы әкімі автобуста әйелді құтқарған жігітке бағалы сыйлық берді
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда автобуста әйелді құтқарған жігіт марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімі Ерболат Досаев әйелді автобуста күш көрсетуден құтқарып қалған Райымбек Медетбекпен кездесті. Алматы әкімі оған ерлігі, батылдығы мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты, сонымен қатар Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.

23 жастағы Райымбек Медетбек – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ер адам автобуста әйелге пышақ ала жүргіргені хабарланды. Оқиға 31 шілде кешке болды. Әйел автобустан түскен кезде артынан таксимен қуып кеткен бұрынғы күйеуін көрген. Қорқып, қоғамдық көлікке қайта мінген. Сол кезде автобус ішінде ер адам әйелге пышақ сұқпақ болған. Оған сол жерде болған Райымбек Медетбек араша түсіп, қайғылы жағдайдың алдын алды.

Қоғамдық көлік ішінде болған басқа да азаматтар полиция келгенше күдіктіні ұстап тұрған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама