Ол 2015 жылы Ресейге жұмыс істеуге барған
Келес ауданында қос азаматтығы бар ер адам ұсталды, деп хабарлайды Түркістан облысының полиция департаменті.
Аудандық полицейлер Қазақстан азаматының құжаттарын тексеру барысында оның қос азаматтығы бар екенін анықтады. Заң бойынша қос азаматтыққа жол берілмейді.
Түркістан облысының тұрғыны Қазақстан азаматы бола тұра, Ресей азаматтығын алған. Ол 2015 жылы РФ-ға жұмыс істеуге барған. Кейін сонда үйленген әрі Ресейдің төлқұжатын алған. Алайда ер адам Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне басқа елдің азаматтығын қабылдағаны туралы ақпарат бермеген, - деп жазылған хабарламада.
Полиция қызметкерлері бұл дерек негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабы 2-бөлігі («Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырып, істі Келес ауданының сотына жолдады.
Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзғандар жазаға тартылатынын ескертеді.