«Анатолий үйретті»: Алматыда жас жігіттің бес қылмысқа қатысы бары анықталды
Күдіктінің қалада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі
Алматыда қонаққа барып, бес қылмыстық әрекет жасаған жігіт ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы қаласы полициясының хабарлауынша, 21 жастағы жігіт екі апта бойы пәтер тонаумен айналысқан. Алатау ауданы полиция басқармасы ер адамның ұсталғанын хабарлады.
Жас жігіт бөтен біреудің үйіне кіріп, ұялы телефондар мен құрылыс құралдарын ұрлаған. Оның бес қылмысқа қатысы бары анықталды.
«Ұсталған адам – Алматы облысының 21 жастағы тумасы. Ол жасаған әрекетін мойындады. Осы деректер бойынша қылмыстық істер ҚР ҚК-нің 188-бабына сәйкес тіркелді және бір өндіріске біріктірілді. Жалпы материалдық шығын 2 миллион теңгеге жуық. Күдікті «іске» бірнеше адам барғанын, бұл «жұмысты» оған «Анатолий» есімді ересек адам үйреткенін айтады», - деп хабарлады полиция.
Күдіктінің қалада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.