Қазір елде отандық тауар өндірушілердің үлесі 21-22%
Еліміздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім. Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған тапсырмасы бойынша оны алдағы үш жылда 50 пайызға жеткізу керек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір елде отандық тауар өндірушілердің үлесі 21-22 пайыз. Көрсеткішті арттыру үшін олармен «СК-Фармация» арқылы 10 жылдық келісімшарт жасалған. Демек, аталған компания осы аралықта тауар өндіруші дәрі-дәрмегін шығарады. Сөйтіп мемлекет есебінен оны бірнеше жыл бойы сатып алуға міндеттеледі дейді.
Яғни, отандық тауар өндірушілерге өзі шығарған дәрі-дәрмек көлемін мемлекетке сатып, өндірісін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. ДСМ-мен осындай механизм енгізілген және ол соңғы жылдары өзінің өте жақсы нәтижелерін көрсетуде. Соның арқасында елімізді, пациенттерді отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатырмыз, - дейді ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов.
Министрлік өкілі тағы бір тың ақпаратын бөлісті. Елімізде «ҚАЗБИОФАРМ» холдингі құрылады. Оның құрамына ұлттық медициналық орталықтар кіреді. Мақсаты – отандық дәрі-дәрмекті, әсіресе отандық ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны шығару бойынша жұмысты жандандыру.
Президент тапсырмасына сайкес арнайы холдинг құрылып жатыр. Оған да біршама міндет жүктелді. Холдинг отандық дәрі-дәрмекті, біздің ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны шығару бойынша шаралар жүргізеді, - деп мәлімдеді Бауыржан Жүсіпов.
Президент тапсырмасына сәйкес елдегі дәрі-дәрмек өндірісін 50 пайызға жеткізу ісіне шетелдік сала мамандары тартылмақ. Ол үшін министрлік «Биг фарма» деп аталатын компаниямен келісімге келді.