«Қолыңды тарт. Орныңды біл» дей алады»: Отбасы психологы қыздарға күш беретін сөздерді атады
Психолог Ержан Мырзабаев қыз балаға кішкентай кезінен қолдау көрсету қажет екенін айтты
Материалдық құндылықтарға негізделген махаббат қаржылық қиындық келгенде жоқ болып кетеді. Мұндай пікірді отбасы психологы Ержан Мырзабаев айтты. Оның сөзінше, үйленуге екі түрлі қажеттілік себеп болады, алайда психологияда оның нақты белгіленген уақыты жоқ. Отбасы психологы журналист Нартай Аралбайұлына берген сұқбатында жастардың отбасы құруы, бала тәрбиесі туралы пікір білдірді.
«Үйлену туралы сигналдың екі белгісі бар. Бірі – қажеттілік. Адамда үйленуге, отбасы құруға қажеттілік туындайды. Қажеттіліктің екі жолы бар: бірі – физиологиялық, яғни жыныстық қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі. Екіншісі – эмоционалдық қажеттілік. Адам достарының арасында ойнап-күлгенде, әріптестердің ортасында жалғызсырайды. Әке-шешесі жанында болса да, өзінің жұбы болғанын қалайды. Осы екі қажеттілік туындаған кезде «үйленетін уақытым келді» деп жар іздейді», - дейді психолог.
Айтуынша, үйленіп, отбасы құрудың психологияда нақты уақыты жоқ.
Үйлену үшін әлеуметтік мәселенің шешілуін күтіп отырудың қажеті жоқ. Материалдық құндылықтарға негізделген махаббат материалдық қиындық келгенде жоқ болып кетеді. Егер махаббат материалдық дүниеден жоғары болса, рухани, эмоционалды, психологиялық жағынан тұрақтылық болса, кез келген қиындықты өмір сынағы деп қабылдайды. Қиындықты бірге көрмеген жұптың бір-біріне жақын болып кетуі қиын, - дейді Ержан Мырзабаев.
Психолог қыздар болашақ жарын материалдық жағдайына қарап емес, потенциалына қарап таңдайтынын айтты.
«Бұл жігіт қазір 80-100 мың теңге жалақы алады, бірақ келешекте министр болатындай потенциалы бар деп қарайды. Қыздарды қызықтыратын да – осы. Қыздар жігітті таңдайды. Жігіт сезімін білдіреді, қыз «иә» не «жоқ» дейді. (...) Қызды алып қашу – қателік. Ұят болады деген түсінік, қоғамның қысымы, туысқандардың айтуымен қыз алып қашқан отбасыда қалады, бірақ өз қалауымен қалмайды. Себебі өз қалауымен танымайтын адамның жанында қалуы мүмкін емес, адам танымайтын кісімен бір бөлмеде жеке қала алмайды. Бұл жерде танымайтын ер адам күйеуің болып, сол отбасыда балалы болуың керек. Бұл психологиялық тұрғыдан қорқынышты дүниелер», - дейді маман.
Психолог қыз бен ата-ана арасында қарым-қатынас жақсы болса, қыздар өзін алып қашып кеткен үйде қалмайтынын айтты. Себебі туыстары оның шешімі мен таңдауына қарсы болмайды.
Қызға кішкентай кезінен «сен не істесең де көмектесеміз», «ешкім саған сенің еркіңнен тыс ештеңе істете алмайды» деп айту керек. Осы санамен өскен қыз алып қашу, жұмыстан қуу, мәжбүрлеу, жыныстық қарым-қатынасқа қатысты пиғылмен бетпе-бет келген кезде «қорқамын», «ұяламын» демейді. «Қолыңды тарт», «орныңды біл», «бармаймын» деп ойын айта алады», - дейді ол.
Ал қызды алып қашатын жігіттерге батылдық жетіспейді, олар өзіне сенімсіз келеді. Себебі қыздың көңілін табуға ұмтылу, оған шынайы ойын білдіру шынайылықты қажет етеді.