«Назарбаев биліктен айрылып қалам деп қорықты»: Жаңаөзен оқиғасына қатысты тың дерек айтылды
Жаңаөзен оқиғасы үлкен масштабда қайталанды. Бұл біздің биліктің өзгермегенін, райынан қайтпағанын көрсетед....
6 тамызда Алматыда белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлиннің 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына арнап жазылған кітабының тұсаукесері өтті. Шараға қоғам белсенділері мен журналистер қатысты, деп хабарлайды Stan.kz.
Жиында сөз сөйлеген спикерлердің қатарында журналист, кітаптың алғы сөзінің авторларының бірі Жарылқап Қалыбай,«Атажұрт» қоғамдық ұйымының мүшесі Бекзат Мақсұтхан және журналист Бақытжан Қосбармақов болды.
Бақытжан Қосбармақовтың айтуынша, кітаптың алғашқы тұсаукесері ағымдағы жылдың наурыз айында Жанаөзен қаласында өткен. Кейіннен Алматыда өтуі тиіс болған іс-шара белгілі себептермен кейінге шегеріліп келген.
«Жаңаөзен – менің жан-жүрегімде [Жаңаөзен – в моей душе и сердце] кітабы қазақ және орыс тілінде жарық көрген. Бұл кітапта Жаңаөзен оқиғасына байланысты материалдар топтастырылып, жинақталған. Кітаптың ерекшелігі сонда, мұнда Жаңаөзен оқиғаларының хронологиясы жазылған. Оқиға қалай болды, бұл оқиғадан кейін Жаңаөзен қалай өзгерді, сот процесстері қалай өтті, осы сұрақтардың бәріне нақты фактіге негізделіп жазылған кітаптан жауап табуға болады», - деп түсіндірді жиынның алғысөзін алған Бақытжан Қосбармақов.
Шарада сөз сөйлегендер, Жаңаөзен оқиғасын қазақ қоғамындағы үлкен трагедияға теңеді.«Себебі, билік тәуелсіздіктің 20 жылдығында алғаш рет халыққа қарсы оқ атты. Бұл оқ ату, басып-жаншу үкіметтің әбден шектен шыққанының белгісі. Осыдан кейін арада 10 жылдан соң қаңтар оқиғасы болды. Жаңаөзен оқиғасы үлкен масштабда қайталанды. Бұл біздің биліктің өзгермегенін, райынан қайтпағанын көрсетеді», - деді олар.
Кітаптың авторы Жасарал Қуанышәлин кітапты жазудағы мақсаты Жаңаөзен оқиғасына қатысты қылмыскерлерді тауып, жазалауға сеп болу екенін айтты.
«Бұл кітап Жаңаөзен оқиғасынан кейін 2012 жылы жарық көруі тиіс еді. Алайда кітапты шығаруға тиісті болған «Адал» партиясын билік жойып жіберді. Содан соң былтыр бұл кітапты қайта жинақтап, жаңа ақпараттарды қосып, басып шығардық», - деді автор.
Жасарал Қуанышәлин кітабының соңында халықаралық заңнамалардан үзінділер келтіргенін атап өтті. Бұл заңнамалар еліміздегі Жаңаөзен және қаңтар оқиғаларына тікелей қатысы бар деген ол, Женева конвенциясынан үзінді оқыды.
«Полиция қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің өз командирлерінің қылмысты бұйрықтарын орындап, бейбіт азаматтарға қарсы жасаған қылмыстары – қылмыстық мерзімдері үлкен және сот әділдігі алдында мерзім ұзақтығы жоқ әскери қылмыста», - деді автор, кітап соңындағы жазбаны оқып.
Мұның халықаралық норма екенін еске салған Қуанышәлин бұл оқиғаларға кінәлі азаматтардың Гаага соты алдында жауап беруі тиіс екенін айтты.
Журналист Жарылқап Қалыбай Қазақстанда болған қанды оқиғалардың себебін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігінің салдарынан көретінін ашып айтты.
«Сол уақытта билікте отырған Өзбекстан президенті, Беларусь президенттерінің арасында бәсекелестік болған секілді. Мысалы үшін, 2004 жылы Әндіжанда кәсіпкерлерді түрмеге қамап қойғаннан кейін, бүкіл халық өре түрегеліп, алаңға шықты. Сонда Ислам Каримов [Өзбекстанның сол кездегі президенті – Ред.] өте қатал әрекетке барды. Көшеде тұрған барлық халыққа, әйелі мен баласына қарамай оқ атты. Менің ойымша, осы оқиға Назарбаевқа қатты әсер етті. Ол қаталдау болуды ойлап, билікке тырнаша жармаспаса одан айырылып қалам деп қорықса керек. Осының кесірін қарапайым халық көрді», - деді ол.
Жиын соңында шараға қатысқанда тұсауы кесілген кітапқа ақ жол тілесті.
Айта кетейік, Жасарал Қуанышәлин белгілі оппозиция өкілі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазіргі уақытта қаңтар оқиғасын зерттейтін “Қаңтар қырғыны” қоғамдық зерттеу орталығының басшысы.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша,«Жаңаөзен оқиғасы» кезінде 17 адам көз жұмған.