Бүгін Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинациялау басталды

Ербол Тұрымбет

Ревакциналау науқаны екі кезеңнен тұрады

Фото: Halyq Uni

15 қарашада ҚР Бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетованың COVID-19 инфекциясына қарсы ревакцинация жүргізу туралы қаулысы жарияланды.

Құжатта КВИ-ге қарсы ревакцинацияға жататын халықтың тәуекел топтары көрсетілген. Науқан екі кезеңнен тұрады. Осыған дейін вакцинаның екі дозасын да салдырғандар жаңа жылға дейін үшіншісін (ревакцинация) қабылдайды. Бұл медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық балалар мекемелерінің мамандары, сондай-ақ күш құрылымдарының қызметкерлері.

  • медицина қызметкерлері;
  • педагогтер;
  • күш құрылымдарының қызметкерлері;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті;
  • 60 жастан асқан адамдар;
  • Бұған дейін КВИ-ге қарсы вакцина алса да, иммунитеті әлсіреген адамдар (иммуносупрессивті терапиядағы адамдар (лейкемияны, лимфоманы және миеломаны қоса алғанда, қатты ісікті немесе гематологиялық қатерлі ісікті белсенді иммуносупрессивті емдеу немесе осындай емдеу тоқтатылғаннан кейін 12 ай ішінде), гемодиализдегі адамдар, трансплантат реципиенттері, АИТВ жұқтырған ауыр бастапқы иммун тапшылығы);
  • өз бетінше тексерілу нәтижесінде ағзасында КВИ-ге қарсы антидене жоқ екені анықталған адамдар.

РЕВАКЦИНАЛАУ НАУҚАНЫ НЕГЕ 22 ҚАРАШАДА БАСТАЛДЫ?

Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы вакциналау 1 ақпанда басталды. Яғни, екінші доза 21 ақпанда салына бастады. Ақпан, наурыз және сәуір айларында «Спутник V» вакцинасы ғана қолданылды. Сонда ақпан мен наурызда екпе алғандар үшін ревакцинация мерзімі қараша, желтоқсан айларында, сәуірде екпе алғандар үшін қаңтарда басталады. Сәуірдің аяғында QazVac-тың алғашқы партиясы шығарылды. Сол алғашқы лекпен отандық вакцина алғандар екінші компонентін мамыр айында салдырды. Ревакцинация мерзімі 6 ай екенін ескерсек, қарашаның аяғында олардың да кезектері келеді.