Шахмат Олимпиадасы: Қазақстан командасы кезекті жеңісіне қол жеткізді

Халық үні

Еліміздің ерлер құрамасы 5 тамызда Испаниядан 2,5:1,5 есебімен басым түсті.

ашық дереккөзден

Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан Шахмат Олимпиадасында еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы жетінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Еліміздің ерлер құрамасы 5 тамызда Испаниядан 2,5:1,5 есебімен басым түсті. Олардың қатарынан Ринат Жұмабаев, Арыстанбек Оразаев, Қазыбек Нөгербек тең түссе, Әлішер Сүлейменов жеңіске жетті. Ерлер құрамасы бұған дейін Ливан мен Латвияны 4:0, Қытай Тайбейін 3:1, Марокко мен Чехияны 2,5:1,5 есебімен жеңіп, Тәжікстанға 1,5:2,5 есебімен есе жіберген болатын. 

Дәл осындай есеппен еліміздің әйелдер құрамасы Вьетнамды жеңді. Құрама сапынан Жансая Әбдімәлік қарсыласынан басым түссе, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева мен Назерке Нұрғали тең нәтижеге қанағат білдірді.

Ал әйелдер құрамасы өткен турда Әзербайжанға 1:3 есебімен жол беріп қойды. Олар бұған дейін Перу, Куба мен Бельгияны 3:1, Гватемаланы 4:0 есебімен жеңіп, Моңғолиямен 2:2 есебімен тең түсті.