Halyq Uni логотип
×

Түркістанда оқушылардың формасына ақша таппаған мектеп 16 млн теңгеге дәретхана салдырған

 Халық үні 05.08.2022 | 23:39
Түркістанда оқушылардың формасына ақша таппаған мектеп 16 млн теңгеге дәретхана салдырған
ашық дереккөзден

Үкімет Қазақстандағы инфляцияны тоқтататын нақты амал тапқан жоқ. Шілде айында азық-түлік 19 пайызға, басқа тауарлар 14 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде әрине, киім-кешек бар. Ал баласын жаңа оқу жылына дайындайтын ата-ана үшін тамыз сабылып киім іздейтін, оқу-құралын түгендейтін ай, деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.

Бағаның қымбаттауы әсіресе, үйінде төрт-бес бала мектепке баратын ата-ана үшін қатты сезіледі. Осы орайда, біз сұхбаттасқан көпбалалы ата-аналар биыл мектеп әкімшілігі балаға тегін форма бермейтінін айтты. Максуда Тоғызбаеваның айтуынша, биыл олар форма алмайды, былтыр да мектептің беретін тегін формасын кешігіп алған. 

Көпбалалы отбасы болған соң бізге былтыр мектеп формасы берілген, бірақ оны қараша айында бір-ақ алдық. Ал биыл көпбалалы отбасылардың балаларына мектеп формасы берілмейді деді. Бізге жеткен ақпарат бойынша биыл тек жетім балаларға, ата-анасының біреуі жоқ балаларға және ата-анасы мүгедек балаларға беріледі екен. Бірақ, көпбалалы, тіпті атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына да мектеп формасы жоқ деп отыр. Әлеуметтік желідегі топ арқылы мектеп әкімшілігінен себебін сұрағанда, биыл бюджеттен қаражат бөлінбеді дегенді айтты, - дейді жеті баланың анасы Максуда. 

Максудадан біз былтыр қолына тиген мектеп формасының сапасын да сұрадық. 

Шынын айтқанда сапасы жақсы болмады. Әсіресе, қыз баланың белдемшесі мен ақ жейдесінің сапасы нашар болды. Бірақ, киіп шықтық, - дейді ол. 

Биыл мектеп формасы берілмейді деген соң қазірден бастап киім дүкендерін аралаған Максуда бастауыш сыныпта оқитын бір балаға форма алу үшін шамамен 40 мың теңге кететінін есептеген. Айта кетейік, Түркістан қаласында тұратын әйелдің жеті баласы бар, оның төртеуі – мектепке барады. 

Мектеп формасының орнына дәретхана ма? 

Біз Максуданың балалары білім алатын Түркістан қаласында орналасқан Некрасов атындағы №9 лицей мемлекеттік сатып алу сайтында қандай тендерлер өткізіп жатқанын қарадық. Мектеп-гимназия жаз айларында бірнеше қымбат тендер өткізген. Соның бірі – мобильді дәретхана орнату үшін канализация жүйелерін төсеу жөніндегі жұмыс.

Тендер шілдеде аяқталған және лоттың толық атауы «Түркістан облысы адам әлеуетін дамыту басқармасының Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің Некрасов атындағы  №9 мектеп гимназиясының ғимаратына мобильді дәретхана орнату» деп аталады. Құны 16,9 млн теңге. Сонымен қатар, мектеп информатика және алғашқы әскери дайындық сыныптарын дайындау үшін 11 млн теңгенің тендерін өткізген. 

Тендермен сатылатын мектеп формасының бағасы қанша?

Айтып өткеніміздей, Максуда бастауыш сыныптағы бір баланы мектепке дайындау үшін шамамен 40 мың теңге кетеді деген есебін айтты. Ал мемлекеттік сатып алу сайты арқылы бірнеше аймақтың білім басқармасы мектеп формасын қанша теңгеге сатып алмақ екенін қарап көрдік. 

Мәселен, Павлодар облысы Екібастұз қаласы білім басқармасына қарайтын Құдайкөл орта мектебі «жетім балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары мен көпбалалы отбасылардың балаларына мектеп формасын» алу үшін тамыздың 3-і күні тиісті тендер жариялаған. 

Мектеп ұл бала мен қыз балаға арналған форма комплектісін 17 857 теңгегеден сатып алмақ. Жалпы мектеп он ұл мен алты қызға форма іздеп отыр. 

Ал Алматы облысы  Қарасай ауданындағы дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін Әл-Фараби атындағы мамандандырылған гимназия болса, жалпы құны 2,6 млн теңгеге мектеп формасын сатып алып отыр.

Бұл қаражатқа сегіз мың теңгеден қыз балаларға 72 юбка, 72 бешпет, 72 ақ жейде, ұл балаларға арнап 53 шалбар мен 53 жейде сатып алған. Лотты Түркістан облысындағы Еркін Әуелбековтің кәсіпорны жеңіп алған. 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама