Облыстық сотта 19 адамға қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қаралды
Атырау облыстық сотында ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оған қатысқаны және мұнай өнімін ұрлағаны үшін айыпталған 19 адамға қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Нәтижесінде Атырау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, Amanat партиясынан сайланған Абзал-Сенбі Самаликов пен есепші Ақмаржан Жұмашева ақталды.
Ұйымдасқан топ мүшелері мен олардың сыбайластары 2020 жылдың 1 қаңтары мен 1 желтоқсаны аралығында «К – Л» ЖШС жөндеуге келген Мақат пайдалану локомотив депосына тиесілі тепловоздардан 397 тонна дизель отынын жасырын ұрлады деп айыпталған еді. Мекемеге келген залал 84 миллион теңгені құрады.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау қаласының № 2 сотының үкімімен 15 адам нақты бас бостандығынан айырылды, төрт адамға қатысты сот бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Алайда сот үкіміне келіспей, сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Іс апелляциялық алқада сотталғандар мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымы бойынша қаралды. Олар сотталғандарды ҰҚТ құру, оған басшылық ету және оған қатысу айыптары бойынша ақтауды, ал ұрлық фактісі бойынша олардың отбасылық жағдайы мен денсаулық жағдайын ескеріп, жаза түрін жеңілдетуді сұрады.
«Сот алқасы сотталғандардың ҰҚТ құруда, оны басқарудағы және оған қатысудағы айыптаудың дәлелденбегені туралы апелляциялық шағымдардың уәждерімен келісті, өйткені бұл бөліктегі айыптау болжамдарға негізделген. Қылмыстық қудалау органдарымен ұсынылған дәлелдемелер, оның ішінде телефон арқылы сөйлесулердің нақтылануы және сот-филологиялық сараптаманың қорытындысы сотталғандардың дизель отынын ұрлағанын ғана дәлелдеді. Сонымен қатар сотталғандар арасындағы қарым-қатынаста ұйымдасқан қылмыстық топқа тән қатаң иерархия анықталмаған», - деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Абзал-Сенбі Самаликов пен Ақмаржан Жұмашеваға дизель отынының шығыны көрсетілген құжаттарға қол қойып, өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны туралы айып дәлелденбеді. Олардың құжаттың ресімделуіне жауап бермейтіні анықталды.
Көрсетілген құжаттарды ресімдеу жауапкершілігі сот үкімімен көрінеу жалған мәліметтер көрсетілген жүкқұжаттарды ресімдеу үшін кінәлі деп танылған техникалық бөлімнің бастығына жүктелген. Абзал-Сенбі Самаликов басшы ретінде дизель отынын ұрлауға жол бермеу бойынша барлық шараны қабылдаған: тепловоздарға интислив құрылғысын орнатып, тепловоздарға сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыратын кәсіпорынға өтінішхат жазған, - делінген ақпаратта.
Қылмыстық істер бойынша сот алқасы ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық ету және қатысу (ҚК-тің 262-бабы) айыбы бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен И.Р., С.М., Ә.Қ., Т.Д., С.С., С.А., Б.Г., А.А., Ү.Қ., Қ.А., Т.Б., Е.К.-ны кінәсіз деп таныды.
Аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген айыптау бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды. Түпкілікті жаза 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзіміне төмендетілді.
С.А., Б.Г., А.А., Т.Д.-ға жеңілдететін жағдайларды (өкіну, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы) ескеріліп, әрқайсысына 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Абзал-Сенбі Самаликов пен Ақмаржан Жұмашева әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды.