Бауыржан Байбек партиядағы қызметінен босатылды
Бауыржан Байбек мемлекеттік және партиялық қызметте 20 жылдан астам еңбек еткенін айтты
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметінен босату туралы тиісті өтініш беріп, оның өтініші қанағаттандырылды.
Еске салайық, 28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды.
Сонда Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының құрылымын қайта қарау керектігін тапсырып, партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын жоюды ұсынды.
Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сонымен қатар тиісті бағыттар бойынша өзге де хатшылар позициясын қарастыру керек. Партияның жанынан құрылған қоғамдық кеңестер ашық және нақты алаңдарға айналуы, оларда ең өткір тақырыптар бойынша ұсынымдар әзірленуі тиіс. Олар өзекті проблемаларды шешудің іс жүзіндегі шынайы тетігіне трансформациялануы қажет, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бауыржан Байбек 2019 жылдың 29 маусымынан бері «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ол 2013-2015 жылдары да партия төрағасының бірінші орынбасары болды. Әр жылдары Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Алматы қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.