Жастарға миллион теңгеден грант беріледі
Жобалар әлеуметтік маңызы бар, аймақты, ауылдар мен ауданды көркейтуге арналу керек
Қарағанды мен Ұлытау облыстарының жастарына 1 миллион теңге көлемінде грант беріледі.
Бұл туралы «Жас Ұлан» ББЖҰ» РҚБ баспасөз қызметі хабарлады.
Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасованың айтуынша, жоба аясында сомасы 1 миллион теңге көлеміндегі 63 жобаға қолдау көрсетіледі.
Оның айтуынша, «Жас Ұлан» Қарағанды мен Ұлытау облыстарында «Zhas project» жобасын бастады. Жобаның мақсаты - жастарды елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өміріне кеңінен тарту, жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтардағы жастарды қолдау.
Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп атқарады.
Байқауға өтінім беру 2022 жылдың 26 шілдесінен 10 тамызына дейін жүргізіледі. Өтінімдерді қабылдау жобаның сайты арқылы қабылданады. Гранттарды жүзеге асыру үшін 3 айға дейінгі көлемде уақыт беріледі. Грант берілетін жобалар әлеуметтік маңызы бар, аймақты, ауылдар мен ауданды көркейтуге арналу керек.
Бұған дейін алты облыста не сабақ оқымайтын не жұмыс істемейтін жастардың көбейіп жатқаны туралы айтылған еді. «Zhas project» жобасының мақсаты осы жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды ел қатарына қосу.