Ұлттық банк рубльге міндетті түрде шектеу қоюы керек – Уәлихан Қайсаров
Ресейліктер доллар мен еуроны, тіпті теңгені де қап-қабымен алып кетіп жатыр
Ресей рублінен Қазақстанға қауіп төніп тұр. Сондықтан оны айырбас пунктерінде долларға не теңгеге ауыстыруға шектеу қоюы керек. Бірақ оны тыңдап жатқан Ұлттық банк жоқ. Оны 4-5 ай бұрын істеуі тиіс еді. «Сұрауы бар» YouTube арнасына сұхбат берген экономист, экс-сенатор Уәлихан Қайсаров осылай дейді.
Ол – өте қауіпті. Ресейге Украинадағы соғысқа байланысты салынып жатқан санкция тауар бағасын күрт өсірді. Соның өсуін тоқтату үшін олар базалық мөлшерлемені төмендетіп жатыр. Айдан айға, аптадан аптаға дейін. Біздікілер де тура солай жасауы керек еді. Бірақ олар өсірді, - дейді экономист.
Енді осының кесірінен Қазақстан нарығын рубль басып, ресейліктер доллар мен еуроны, тіпті теңгені де қап-қабымен алып кетіп жатыр екен.
Рубль үлкен экономикалық проблема әкеледі. Ресейліктер Қазақстанға рубльмен келіп, долларды сатып алып кетіп жатыр. Еуроны, тіпті теңгемізді де әкеткен. Осы 3 айдың ішінде рубль 6 теңгеден 8 теңгеге дейін көтерілді. Бұл Ресей ақшасының бізде көбейіп кеткенін білдіреді. Енді өз ішімізде жеткілікті доллар мен еуроның көлемі қалмай қалуы мүмкін. Ресей Қазақстанды пайдаланып жатыр, - деген қаупін алға тартты Уәлихан Қайсаров.
Сондықтан экономист Ұлттық банк пен Үкімет шұғыл айырбас пунктерінде рубльге шектеу қою керектігін тағы бір мәрте ескертіп қойды.
«Оны айттық, жеткіздік. Рубльге күніне 200 доллардан аспайтын айырбас жасауға рұқсат беру керек. Қазір 10 мың, 50 мың долларға дейін алып жатыр. Бұл проблеманы Ұлттық банк кезінде дұрыс қарамады, әлі реттеп жатқан жоқ», - дейді экономист.