Көлгіновтің кептелісі. Жол жөндеу жұмыстары қазанға дейін жалғасады
Жолаушылар діттеген жеріне жете алмай әуреге түсті
Нұр-Сұлтан қаласындағы жол жөндеу жұмыстарынан қалада көлік кептелісі күшейе түсті. Ал жол жөндеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
БАСТЫ КӨШЕЛЕР ЖАБЫҚ
Елорданың сол жағалауындағы негізгі көшелердің бірі – Мәңгілік ел даңғылының орталық бөлігінің жабылуы қала тұрғындарын әжептәуір әбігерге салды. Қалада көлік кептелісі күшейіп, таңертеңгі және кешкілік уақытта қалада еркін жүріп-тұру қиынға соқты.
Өйткені аталған даңғыл Марал көпірінен басталып, Сарайшық, Дінмұхамед Қонаев, Достық, Сығанақ, Алматы, Керей-Жәнібек хандары, Ұлы дала, Хусейн бен Талал көшелерін қиып өтіп, Қабанбай көшесімен қиылысқан тұста аяқталады.
Астана көшелерінің не себепті жабылуын сұрап қала әкімдігіне жолдаған редакцияның ресми сауалына қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі бірнеше көшенің жабық екенін хабарлады.
Мәңгілік ел даңғылының телімі, атап айтқанда М1 көпірі және Достық көшесінің арасы 8 тамызға дейін, Исатай Батыр көшесі және Е 34 көшесі 20 тамызға дейін жабық болады, – делінген ресми жауапта.
Ұзындығы 9314 метр болатын Мәңгілік ел даңғылында министрліктер үйі, Бас прокуратура ғимараты, Мәңгілік ел қақпасы, Экспо-2017 көрме павильондары және бірқатар сауда үйлері мен бизнес орталықтар сынды маңызды ғимараттар орналасқан.
ЖОЛАУШЫЛАР АВТОБУСТЫ ЖОЛДАН ТОҚТАТУҒА МӘЖБҮР
Көшелердің жабылуы себепті, автобус маршруттары да өзгерді. Жаяу жолаушылар автобустарды жолай өз бетінше тоқтатып мінуге кірісті. Өйткені автобустар бағытының өзгеруіне қатысты толымды ақпарат жоқ.
Атап айтқанда № 12, 15, 15А, 18, 19, 21, 28, 30, 32, 35, 40, 46, 51, 52, 56, 70 бағдарлы автобустардың жүру жолдары өзгереді.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 131 көшесін жөндеу жоспарланған. Негізгі себеп – күнделікті қолданыстан қала көшелері тозып, ойдым-ойдым болып тесіліп қалған.
ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЗАНҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ
Сонымен бірге жол жөндеу жұмыстары құрылыс-монтаждау маусымы аяқталғанша жүреді, ауа райына байланысты ауа температурасы 10 градустан төмен түскен уақыттан бастап тоқтайды. Негізі қазан айының аяғына дейін жалғасады, – деп жауап берді баспасөз қызметі.
Көпір маңындағы көлік кептелісі жөндеу кезінде ғана емес, жайшылықта да реттелмей отырған мәселе. Ал жол жөндеу жұмыстары күзгі оқу маусымымен тұспа-тұс келсе, қаладағы қозғалыс тіптен қиындай түсетіні анық.
Жол жөндеу барысында бағдарлардың өзгерген қозғалыс сызбасымен басқарманың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасында танысуға болады.
Көлік кептелісін реттеу – стратегиялық мемлекеттік маңызы бар міндет. Елорда көшелеріндегі көліктер легі жыл сайын артып, қаладағы қозғалыс қиындап бара жатқаны рас.
Ұзындығы 24 шақырым болатын LRT-ның бағандары да қала көшелерін тарылтып, көлік қозғалысына кедергі болып тұрғанын айтқан қала тұрғындары жиі шағымданады.
Ал қаладағы кішігірім көлік кептелісін реттей алмай отырған астана әкімі Алтай Сейдірұлы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі құрлысына 577 миллион доллар сұрап отырғаны белгілі.
Фото: Нұрдәулет Әбікеев, Ая Өміртай