Қарағанды облысында жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті
Теміржол бойындағы апатқа байланысты алты бағыт бойынша жолаушылар пойызы тоқтатылды
Қарағанды облысында жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті. «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 ақпан сағат 13.55-те жүк пойызының вагондары жолдан шығып кеткен.
Жүк құрамында бидай болған. Вагонның бүйір жақтауы сынып кеткен. Апат орнында Сары-Шаған, Шу және Балқаш станцияларының қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеп жатыр, - деді ҚТЖ ресми өкілі Қайсар Жұмабайұлы.
Қазір Жамбыл бөлімшесі учаскесінде поездардың бір жолды қозғалысы қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мойынты-Сарышаған учаскесінде жүк вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты келесідей жолаушылар пойыздары тоқтатылды:
- «Павлодар-Шымкент» бағытындағы №45/46 пойызы;
- №51/52 «Орал-Алматы-2» бағытындағы пойыз;
- «Алматы-2-Петропавл» бағытындағы №105/106 пойызы;
- №712/711 «Шымкент-Нұр-Сұлтан Нұрлы жол» пойызы;
- «Алматы-2-Нұр-Сұлтан Нұрлы жол» бағытындағы №3/4 пойызы;
- «Алматы-1-Нұр-Сұлтан Нұрлы жол» бағытындағы №9/10 пойызы.