Теннис: Қазақстан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Дастан Жұмабекұлы

Бүгін отандастарымыз финалға шығу үшін Германия құрама командасымен кездеседі.

фото: ktf.kz

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Чехияның Простеев қаласында 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.

Теннис федерациясының хабарлауынша, спортшыларымыз ширек финалда Словения құрамасымен кездесті.

Бірінші кездесуде Даниэль Тазабеков тағы да үмітті ақтады. Бастапқы партияда Свит Сульичке 4:6 есебімен есе жібергеніне қарамастан, жеңіске деген жігерін таныта білді. Екінші сетте тай-брейкте қарсыласын тығырыққа тіреп, есепті 7 :6 (8:6) етті.  Үшінші, шешуші партияда Даниэль 4:1 есебімен алға шықты. Алтыншы геймде Сульич медициналық көмекке жүгінді. Одан кейін теннисшіміз тізгінді уысынан шығармай, кездесуді 6:2 есебімен аяқтады.

Келесі болып кортқа қос құраманың көшбасшылары Заңғар Нұрланұлы мен Жига Шешко шықты. Бірінші сет Заңғардың пайдасына шешілді. Есеп - 6:4. Екінші партияда да ол шеберлігінің басым екендігін көрсетті. Есеп - 6:3.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (капитаны Сергей Квак) алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Бүгін отандастарымыз финалға шығу үшін Германия құрама командасымен кездеседі.