Олардың әрқайсысы 9 миллион теңгеден
Шымкенттің дендрология саябағында құны пәтермен тең бес әжетхана қойылған. Біреуінің құны 9 миллион теңгеге бағаланған дәретханаларды әкімдікке қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы орнатқан, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, аз қамтылған отбасыларды қолдауға деп жиналған демеушілердің ақшасына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дендросаябақта тұрған дәретханаларды сүріп тастап, орнына 5 әжетхана қойған.
Оның әрқайсысы қаңылтырмен қапталған. Ерлер мен әйелдер жағында бір-бір бөлігі істесе, мүгедектерге арналған есіктері жабық. Ыстық су ақпайды.
Тоққа қосатын сымдарының кей жері күйіп кеткен. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы аталған дәретханаларға қатысты мән-жайды түсіндіруді жөн деп таппаған. Арнайы хат талап еткен.
Алайда телеарнаға модульдік әжетханаға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті пікір білдірген.
"45 миллиондық қаржыға дендрология саябағына бес модульдік әжетхана орналастырылады. Ол әрқайсысы 9 миллион теңгеден, бір бөлмелі пәтердің құнымен бірдей. Бұл бюджеттік қаржы емес. Бірақ сонда да ол кәсіпкерлердің, меценаттардың қаржысы болғандықтан, бұны мақсатты, тиімді түрде пайдалану қажет", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Жани Қамбар.