Игерілмей жатқан жерлердің басым бөлігі кезінде билікке жақын адамдардың үлесінде болды...
Жыл басынан бері пайдаланылмаған жер телімдерін қайтару механизмі қарқынды жүріп жатыр. ҚР Бас прокуратурасының тікелей араласуымен 1 миллион гектар жер қайта халықтың игілігі үшін қайтарылған. Ал «AMANAT» партиясының жанынан құрылыған «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері 200 мың гектар аумақты заңды түрде мемлекет меншігіне өткізген. Жер мәселесіне келгенде ең алдымен ауыл азаматтарының белсенділік танытуы маңызды деген комиссия мүшесі Айдос Сарым кез-келген ауыл тұрғынының пікірін ескеруге тырысамыз және жайылымдық жерлердің әділ бөлінуі үшін барымызды саламыз деп отыр. Ал жүйенің жүгенсіз кетуіне жергілікті атқарушы органның салғырттығы себеп екенін айтты.
«Олигополиялық, монополиялық жағдаяттардың бәріне саяси тұрғыдан қысым көрсету мақсатында "Жер аманаты" деген комиссия құрылды. Басты міндет – заңды жұмыс істету. Бұл жұмыспен тек партия айналысып жатқан жоқ. Прокуратура жыл басынан бері 1 миллион гектар жердің қайтарылуына ықпал етті. Жер комитетінің өзі де жұмыс істеп жатыр. Партияның тікелей араласуымен 200 мың гектар жер қайтарылып жатыр. Оның жолдары көп. Бір жағынан ол құқықтық механизм: нақты игерілмей жатқан жерді анықтау, сотқа беру, сот арқылы қайтару. Екінші жолы – салықтық мәселе. Көріп отырмыз, қазір игерілмеген жерлерге деген салық 20-дан 50 есеге дейін артып отыр. Яғни, кезінде өзінің қызметтік бабын пайдаланып, он мың гектарлап жерді алып алған азаматтар бар. Олардың барлығы қазір қалтасынан қағылады. Өйткені жердің құны артып жатыр, жерге деген сұраныс артып жатыр. Егер азамат ауыл шаруашылығымен айналысамын, оған толық мүмкіндігім жетеді, техникаларым түгел десе, оған ешқандай шектеу жоқ. Ал өзің де пайдаланбай, өзгенің пайдалануына да мүмкіндік бермесең, онда әңгіме басқаша болуы керек», - деді «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі Айдос Сарым.
Бірақ дәл осы тұста қоғамдық механизмнің қажет екенін атап өтті ол. Бұл дегеніміз ауыл халқының өзі белсенділік танытып, жерді игермей жатқан ағайындарға өзара ашық сын айта білуі керек. Яғни, жерді қажетіне пайдаланбағандар істі сотқа дейін жеткізбей, өз еркімен жерді қайтарғаны өздеріне жақсы.
«Ауыл халқы жайлымдық жердің сол ауылдың маңайында болғанын қалайды ғой. Қазір жайылымдық жерді пайдалану бойынша заңнаманы іске асыру үшін аудан әкімдері ауыл халқының санына, олардың қолындағы мал басының санына сай белгілі бір периметрді белгілеуі керек. Бір жерде ол 10, кейбір жерлерде 15 шақырым. Меніңше сол ауылдың айналасындағы жерлерді алған азаматтар жерді қайтарып, сол аумаққа сай басқа да ауылдан алыстау жатқан жерлерді алуға мүмкіндіктері бар. Осындай механизмдер іске асырылып жатыр. Жұмыс әр жерде жүріп жатыр. Осы ретте «Жер аманаты» комиссиясының басты міндеті – ел азаматтарын ояту. Сондай-ақ, қоғамды осы жұмыстарға мүдделі ету. Ешқандай жұмыс тек шенділердің пәрменімен жүзеге аса бермейді», - деді Айдос Сарым.
Жайылымдық жердің аумағы артса, мал басының саны көбейіп, ауылдағы жұрттың тұрмысы түзелер еді дейді Алматы облысы «Райымбек» ауданындағы «Азат» шаруа қожалығының иесі Сенім Мұқанұлы. Ол 30 жылдан бері үйрейімен өмір сүріп келгенін айтады. Өйткені, Сарыбастау ауылына тиесілі бір ғана жайлауды алпауыт компаниялар иемденіп келгені қынжылтады деп отыр.
«Сарыбастау ауылының жаздық жайлауы – Шәлкөде жайлауы. 30 жылдан бері сол жайлауға көшіп барып, мал жайып жүргенімізбен, ол жерден заңды бір гектар жер ала алмай отырмыз. Себебі осы уақытқа дейін 5 мың 700 гектар жер алпауыт компаниялардың атында болған. Биыл аудан, ауыл әкімшілігі, жер бөлімі қызметкерлерінің араласуымен 4 мың 200 гектар жер мемлкеттік жер қорына қайтарылды. Бұл ауыл шаруаларын қуантатын жағдай. Енді қалған 1 мың 500 гектар жерді қайтару үшін сотқа дейінгі құжаттары дайындалып жатыр екен. Жалпы ауылға қарайтын жайлаудың жерлері түгел қайтарылса, мал шаруашылығы қарыштап дамиды деп ойлаймын.
Сарыбастауда 60 мың қой, 7 мың ірі қара бар. Жайлауға 70-80 шаруа қожалығы барады. Үнемі үрейленіп жүретін едік. Өйткені, алпауыт компаниялар иемденіп алған жерлерден кез-келген уақытта қуып шығуы мүмкін. Ал қазір мемлекет меншігіне қайтарылып жатқаннан кейін, аудан әкімдігі шаруа қожалықтарына тиісті жер телімдерін өздері бөліп береді. Бұл өте тиімді. Қайтарылмай тұрған жаңағы 1,5 мың гектар жер құнарлы жер. Бізде сыртқа шығатын бұл жайлаудан басқа жер жоқ. Барлығы таулы жер», - деді «Азат» шаруа қожалығының төрағасы Сенім Мұқанұлы.
Игерілмей жатқан жерлердің басым бөлігі кезінде билікке жақын адамдардың үлесінде болды деген комиссия мүшелері, мұндай былықтың қайталанбауы үшін тексеруге Жер комитетінің араласқаны дұрыс болды дейді.
«Кезінде мынадай бір қиянат болды: жерді бөлу әкімдердің қолында еді. Сондай-ақ, жерді тексеру де әкімдердің қолында болды. Бір жағынан өзі атқарушы, өзі тексеруші. Ол дұрыс емес. Көп жер телімі билікке жақын азаматтарға, соларға жақын компанияларға тиесілі болып келгенін де жұрт жақсы біледі. Сол себепі кейбір ауыл әкімдерінің де аудан әкімдеріне тісі батпай жатады. Ауыл әкімдері саяси белсенділік танытады дегенге де өз басым сенбеймін. Қазір жерді кімнің, қалай падаланып жатқанын тексеру ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитетіне қарайды. Меніңше бұл дұрыс. Қазір жер испекторлары әкімдерге бағынбайды, тікелей министрлікке бағынады.
Президенттің нақты тапсырмасы бар. Осы жылдың ішінде 5 миллион гектар игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтару. Соны қайтадан қажетті адамдарға: жайылым үшін, агро өнеркәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға, фермерлерге таратып беру керек деген тапсырма бар. Бұған енді саяси механизмнің керек екені анық. Осы тұста, ауыл әкімдері аудан әкімдерімен айтып, дәлеледеп жататын болса, партия араласуға дайын. Яғни белден басуға жол бермеу керекпіз»,- деді Айдос Сарым.