Оған Эмомали Рахмон жауап берген жоқ
«Талибан» қозғалысының жоғары лауазымды командирі Тәжікстанның Ауғанстанның ішкі ісіне араласуды қоймаса, әскерінің оны бір аптада басып алатынын айтты.
«Хашт-е собх» газетінің хабарлауынша, «Омари» корпусы командирінің орынбасары ұлты пуштун молда Мұхаммад Жан Хамза Ауғанстанның Тахор провинциясында «Талибан» Үкіметі министрлерінің қатысқан жиында осылай деп мәлімдеген. Тахор Тәжікстанның Хатлон облысымен шектеседі.
Қолда бар мәліметке қарағанда, ол «Талибанның» Тахор провинциясын басып алуға көп еңбек еткен. Ал Тәжікстан бұл мәлімдемені ескерусіз қалдырып отыр. Жалпы, Тәжікстан билігі «Талибанның» лауазымды адамдарының мәлімдемелеріне жауап бермейді. Өйткені, ол Ауғанстандағы билікті мойындамады. Оның үстіне Душанбе мен Кабул арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ.
«Талибан» қозғалысы 2021 жылғы тамызда Кабулды басып алып, Ауғанстан Ислам Әмірлігі құрылғанын жариялаған болатын.