Барлығы 33 кандидат ұсынылды
Орталық сайлау комиссиясында Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатына депутаттар сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде отырыс өтті. Оған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, комиссия Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау және Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы қызметін пайдалану тәртібін бекіту мәселесін қарады.
Жиында 6 мандатқа үш өңірден 33 кандидат ұсынылды.
Барлық кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылды. Оның ішінде Жетісу облысында 2 кандидатты осы облыстың Алакөл және Кербұлақ аудандық мәслихаттары ұсынды. Жетісу облысында 1 кандидат және Абай облысында 1 кандидат тіркелгенге дейін өз өтініші бойынша кандидатураларын алып тастады. Қалғаны – 31 үміткер. Алайда, 3 тамыз күнгі дерек бойынша тіркеуден 18 кандидат (әр облыстан 6 адамнан) қана өткен.
Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу 3 тамызда сағат 18.00-де аяқталды. Қызмет салалары бойынша 11 кандидат әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері, төртеуі коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, үшеуі мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері. Партияға қатыстылығы бойынша 14 үміткер «AMANAT» партиясының мүшелері мен төртеуі партияға қатыстылығын көрсетпеген.
Гендерлік құрамы бойынша 5 кандидат әйел бар. Қалғаны ер адам. Сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіледі. Сондай-ақ «Бәріне қарсымын» жолы енгізіледі.
Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес сайлау бюллетеньдері орналасқан үй-жайға мөр басылады және ішкі істер органдарының күзетіне тапсырылады. Сайлау туралы Конституциялық Заңның 24, 25, 26-баптарына сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімрін облыстық мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссиясы жасайды. Таңдаушылар тізіміне облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың барлық депутаттары енгізіледі.