Облыстың экология департаменті өңірдегі ірі зауыттарды тексерді
Атырау облысы экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «АЛМЭКС плюс» және «Светланд-ойл» ЖШС секілді ірі кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жүргізді. Бұл туралы экология департаменті басшысының орынбасары – бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым Тлегенов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Профилактикалық бақылау нәтижесінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ға қатысты бірқатар бұзушылық анықталды. Оның ішінде сарқынды судың төгіндісі туралы деректер дұрыс толтырылмаған. Сондай-ақ қалдықтардың көлемі туралы деректер толық ұсынылмаған.Қондырғы аумағында пайдаланылған химиялық реагенттердің және пайдаланылған майдың бөшкелері, металл сынықтары, пайдаланылған майланған резеңке бұйымдары, дәнекерлеу электродында ақау анықталды. Бетон сынықтары түріндегі құрылыс қалдықтарды жинауға арналған арнайы жабдықталған орындар жоқ екені белгілі болды», - деді Сырым Тілегенов.
Тексеру кезінде механикалық тазалау қондырғысының аумағынан құрамында мұнайы бар ағын шықты. Сонымен қатар булану кезінде қаланың атмосфералық ауасына теріс әсер ететін ластаушы заттар бөлінетін тұнба ыдыстары мен тоғаны бар екені анықталған.
Сырым Тілегеновтың айтуынша, күкірт өндіру қондырғысының пештерінде, күкірт өндірудің аралас және терең өңдеу кешенінің каталитикалық крекинг қондырғысында сынама алғыш жоқ. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның 2021-2023 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1 және 5 тармағын орындамаған.
Атырау мұнай өңдеу зауыты ЖШС қоршаған ортаға эмиссияға берілген рұқсатта көрсетілген шарттарды толық орындамаған. Сонымен қатар профилактикалық бақылау барысында 2022 жылдың мамыр және маусым айларында «АМӨЗ» ЖШС-ның 2022 жылдық жоспар-кестесінде көрсетілмеген қондырғылардың жоспардан тыс құрып, эмиссияларды рұқсатсыз жүзеге асырғаны анықталды, - дейді Сырым Тілегенов.
Нәтижесінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 324, 325, 326, 327, 328, 337, 344 баптары бойынша жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Сондай-ақ, Департаментпен жүргізілген профилактикалық бақылау барысында «АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС аумағында полиэтилен қабықшалары, ағаш қалдықтары, пластикалық шелектер, бітеуіштер сияқты қалдықтар шашылып жатқаны анықталды. Мекемеге 150 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
«Светланд-Ойл» ЖШС-ның іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 325-бабының 1-бөлігіне сәйкес 153 150 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар профилактикалық бақылау кезінде Құрманғазы ауданында «Октябрское» кең орны аумағында топырақ қабаты мұнай өнімімен бүлінгені анықталды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 238-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке және заңды тұлға жерді пайдалану кезінде жердің ластануына, топырақтың тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге тиіс. Сондай-ак топырақтың құнарлы қабатын сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
Соған байланысты «Светланд-Ойл» ЖШС іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 337-бабының 3-бөлігіне сай бұзушылық анықталып, 765 750 теңге көлемінде айыппұл салынды.