Мұндай қазандар көбіне Жетісу өңірінен табылатын
Қарағанды археологтары Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағындағы қорғандардың бірін қазу кезінде біздің заманымызға дейінгі 2,5 мың жыл бұрынғы дәуірге жататын бірегей жәдігер тапты. Олар іші ат әбзелдеріне толған қазанды зерттеу көптеген құнды мәлімет беретініне сенімді.
Иілген үш аяқты, мыстан құйылған жәдігер – Орталық Қазақстан өңірінен табылған алғашқы қазан. Ол хан ордасынан 200 метр қашықтықта, қорғандардың ішінде емес, бөлек көмілген екен.
Мұндай қазандар көбіне Жетісу өңірінен табылатын. Археологтардың айтуынша, бұл – сақ дәуірінде орталық пен оңтүстік елі арасында тығыз байланыс болғанының дәлелі. Енді оның сыртындағы күйеден де ақпарат алу қажет. Толық зерттеу үшін қазан радиокөміртекті анализ жасайтын Польша, Литва, Ирландия, Румыния, Венгрияға жіберілуі мүмкін.
Қазіргі ғылым талаптары жоғары ғой. Бірден бәрін жұлып алмай, рентгенге түсірдік, КТА-дан өткіздік. Зерттеу кейінгі технологияны пайдаланып жүргізіледі. Мұның ішінен біраз құнды қызық дүние табылады деп есептейміз, - дейді «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ директоры Түлкібай Төлеуов.
Айта кетсек, Талды қазанының салмағы – 25 келі, диаметрі – 41 сантиметр, биіктігі – 34 сантиметр. Бұл Талды саябағынан табылған жалғыз олжа емес. Басқа обадан пышақтар, қанжарлар, тас жебелердің ұштары және басқа да ежелгі тұрмыстық заттар табылып отыр.