×

«Самұрықтың» 55 топ менеджері жұмыстан кетті

Ұлттық әл-ауқат қоры 26 млрд теңге үнемдеген

 Айнұр Шошаева 04.08.2022 | 10:08
Сурет: қордың ресми сайтынан

Президент сынынан кейін «Самұрық-Қазына» шығындарын 26 млрд теңгеге қысқартады

Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сынынан кейін «Самұрық-Қазына» қоры портфельдік компанияларының әкімшілік шығындарды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Еске сала кетейік, 14 шілдеде өткен Үкімет отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік компанияларда әкімшілік шығындардың жоғары екенін айтты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ  портфельдік компаниялардың операциялық, сатып алу және кадрлық саясатына тікелей араласатынын сынаған болатын. 

«Ұлттық және квазимемлекеттік компанияларда әкімшілік шығыстардың үлкен көлемі сақталып отыр. Бұл басшылықтың кемшілігі. ...Тиімді операциялық ортаны және корпоративтік басқаруды құрудың орнына «Самұрық-Қазына» бұрынғысынша портфельдік компаниялардың операциялық және сатып алу қызметіне, кадр саясатына тікелей араласып келеді», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бүгінгі күні қор портфельдік компаниялары мен корпоративтік орталығы деңгейінде әкімшілік шығыстарды оңтайландыру/төмендету бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта тиістілік нормативтерін қатаңдату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты ішкі және сыртқы экономикалық ортада Қор тобы жалғыз акционердің пайдасына дивидендтер төлеуді ұлғайту мақсатында портфельдік компаниялардың бизнес жоспарларын қайта қарау арқылы әкімшілік шығындарды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда алдын ала деректер бойынша топ бойынша оңтайландыру шамамен 26 млрд.теңгені құрайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», – делінген қордың ресми сауалымызға берген жауабында. 

Ал қор өзіне қарасты ұлттық компаниялардың операциялық, сатып алу және кадрлық саясатына араласатыны сынын жоққа шығарды.  

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару кодексіне сәйкес, іс-шаралар жоспарында белгіленген қызметтің негізгі көрсеткіштерін орындамауға әкеп соғатын мән-жайлар болған жағдайларды қоспағанда, компанияның атқарушы органы жауапты болатын портфельдік компаниялардың ағымдағы қызметіне араласуға жол бермейді. Тек портфельдік компанияларды директорлар кеңестері мен портфельдік компаниялардың байқаушы кеңестері арқылы стратегиялық инвестор (стратегиялық холдинг) ретінде басқарады», – делінген. 

Сондай-ақ қор ұлттық компанияларға жұмысқа тұратын азаматтарға талапты күшейтетінін мәлімдеді. Биыл жыл басынан бері қордың атып алу саласындағы 55 топ-менеджері жұмыстан шығарылған.  

«Сатып алу мәселелеріне жетекшілік ететін CEO-1, CEO-2 деңгейіндегі 55 қызметкермен еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша қызметкерлер берген өтініштерге немесе компаниялардың ұйымдық құрылымдарын оңтайландыруға байланысты бұзылды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жұмыстан босатылған қызметкерлер жоқ», – деп толықтырды қордың баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама