Елордада мақтауын асырған көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі опырылып түсті
300-ден астам тұрғынның жайлы баспанада тұрамыз деген қуанышы су сепкендей басылды
Елордада «Nur Astana Kurylys» құрылыс компаниясы салған «Áýlet» тұрғын үй кешенінде кіреберісі опырылып түскен. Пәтер иелерінің айтуынша, кеше тұрғын үйдің жерасты тұрағын су басқан. Мұндай жағдай бұрын да болған екен. Тұрғындар мердігер компанияның құрғақ уәдесіне әбден тойдық деп отыр.
2 ай бұрын ғана үйдің кілтін алдым. Содан бері жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Бүгінгі жағдайдан соң осы тұрғын үйді таңдағаным қателік болғанын түсіндім. Темір-терсек бала үстіне құласа, не болады? Келешекте тағы қай жері құлайды? Үйге кіріп үлгермедік, былығы шаш етектен, – деді пәтер иесі Нұрдәулет Кенжебай.
Тұрғын Бағила Мананбаеваның айтуынша, пәтерге төлем жасарда тұрғын үй кешенін «комфорт класс» деген, алайда арзан материал қолданылғаны көрініп тұр.
Менеджерлердің үйді мақтанғаны бос сөз екен. Пәтердің бағасы арзан емес, ақшамызды қайтарсын. Арамызда 25 жылға ипотекаға рәсімдегендер бар. Олар төлеп бітемін дегенше бұл үй құлайды», – деді әйел.
Тұрғын үй 6 ай бұрын пайдалануға берілген. Қазір пәтер иелерінің шамамен 30%-ы баспанасына кіріп үлгерді. Алғашқылардың бірі болып кілтін қолына алған Сұлтан Рахымжанов мердігер компанияға өкпелі.
Жобада көрсетілген жабдықтар жоқ. Бәрі арзанқол. Балалар алаңы құжаттағы үлгіге мүлде ұқсамайды. Екі рет су басты. Қазір иісі қолқаны қабады. Кіреберістегі қиранды тазаланады. Бірақ дәл сол жағдай тағы да қайталануы мүмкін ғой. Әбден көңілім қалды, – деді Рахымжанов.
Пәтер иелерінің айтуынша, жақында осы тұрғын үйдің терезесінен бір бала құлап кеткен. Өйткені терезе лифтініңжанында орналасқан әрі үнемі ашық тұрады. Олар мердігер компания қауіпсіздік жағын қарастырмағанын айтады. Алайда олар қазірге дейін мардымды жауап бермеген. Пәтер иелері енді мемлекет басшысы мен қала әкіміне үміт артып отыр.