×

Әсел Айтпаеваның ісі: судья оқиғаның қалай болғанын айтып берді

 Халық үні 03.08.2022 | 19:44
фото: kaztag

Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Әлхожаев Грузияда көз жұмған Әсел Айтпаеваның ісіне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді. 

Сот жабық режимде өтті.

Бойжеткеннің туысы 56 жастағы Мұрат Мейірбековке оны зорлап, кейін сатып жіберген деген айып тағылды. Грузия азаматы  Бесик Тордуа қызды зорлап, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген деген күдікке ілінді.

Судьяның айтуынша, айыптау үкімін шығару кезінде сотталушының, жәбірленушілердің, куәгерлердің берген жауабы, сараптама қорытындысы және іс бойынша объективті дәлелдер негізге алынған.

Сот анықтағандай, Мұрат Мейірбеков жәбірленуші Әсел Айтпаеваға жалақысы 500 долларлық жұмыс ұсынып, Қазақстаннан Грузияға келуіне ықпал еткен. Рустави қаласындағы жалға алынған пәтерде Мұрат Мейірбеков пен Әсел Айтпаева ішімдік ішкен, кейін қыз ұйықтап қалған. Осы жағдайды пайдаланып, Мейірбеков оны зорлаған.

Мейірбеков өзіне қамқорлық жасаған Грузия азаматы Бесик Тордуаға Әсел Айтпаеваны сыйламақ болған. Сөйтіп, Тордуа мен Мейірбеков өзара келісімге келген, –  деді Әлхожаев.

Әсел Айтпаева өзін зорламақ болған Тордуадан қашып, 9-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп, сол жерде көз жұмған.

Соттың үкімімен Мұрат Мейірбеков 15 жылға сотталды. Сот үкім шығарған кезде сотталушының кішкентай балалары бар екенін ескерген. Бұдан басқа қыздың ата-анасының пайдасына сотталушыдан 5 миллион теңге өндіріледі.

Еске сала кетейік, былтыр 5 мамыр күні Тбилиси қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің маңынан қазақстандық Әсел Айтпаеваның денесі табылған болатын. Грузиялық полиция өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу нұсқасы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікті Грузия азаматы Бесик Тордуа ұсталды. Оған отандасымызды зорлады деген айып тағылды. Тордуа сот үкімі шыққанға дейін қамауға алынып, көп ұзамай қайтыс болды. 

Ал бойжеткеннің туыстары Әселдің өз-өзіне қол салуы мүмкін еместігін алға тартты.  

2021 жылы 16 мамырда Айтпаеваның өлімі бойынша Нұр-Сұлтанда ҚР ҚК 128-бабы (адам саудасы) бойынша Мұрат Мейірбеков ұсталғаны белгілі болды.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама