Сотталған ер адам «Аллаһу акбар» деп айғайлап, түрменің үш қызметкерін жарақаттаған
Жамбыл облысындағы ЖД-158/7 түзеу мекемесінің күзетшісі ауыр жағдайда жатыр. Бірнеше күн бұрын оны сотталған ер адам жарақаттаған. Бұл туралы науқас емделіп жатқан аурухана дәрігерлері айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Айта кетейік, 1 тамызда Тараздағы түрмеде сотталған 32 жастағы азамат үш қызметкерді жарақаттады. Салдарынан үш қызметкер де ауруханаға түсті. Олар: бөлімше бастығы, жедел уәкіл және күзетші. Ішек құрылысы бірнеше жерінен тілінген 22 жастағы күзетшінің жағдайы ауыр.
«Науқастың жағдайы өте ауыр. Оң жақ көкірегінен жарақат алған. Өкпесіне, ішек құрылысына зақым келген. Оған ота жасалды. Қазір жағдайы ауыр, бірақ бірқалыпты», - деді Тараз қаласы көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.
Оқиға түрменің спорт стадионында таңғы сағат 8:30-да сотталғандарды тексеру кезінде болған. Түрме қызметкерлері оның үшкір затты қайдан және қалай алғанын білмейді.
«Біз бұл оқиға бойынша, оның қалай болғанына байланысты ештеңе айта алмаймыз. Барлығы тексеру кезінде анықталады. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, соған байланысты ақпарат бере алмаймыз. Сотталған азамат оқшауланды», - деді ЖД-158/7 түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушы Ғалымхан Тілепов.
Айта кетейік, ЖД-158/7 түзеу мекемесінде аса ауыр қылмыс жасаған 900-ге тарта адам жазасын өтеп жатыр.