Тоқаев бұған дейін партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын жоюды ұсынған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Байбекке Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымындағы көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты.
Еске салайық, 28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды.
Сонда Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының құрылымын қайта қарау керектігін тапсырып, партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын жоюды ұсынды.
Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сонымен қатар тиісті бағыттар бойынша өзге де хатшылар позициясын қарастыру керек. Партияның жанынан құрылған қоғамдық кеңестер ашық және нақты алаңдарға айналуы, оларда ең өткір тақырыптар бойынша ұсынымдар әзірленуі тиіс. Олар өзекті проблемаларды шешудің іс жүзіндегі шынайы тетігіне трансформациялануы қажет, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бауыржан Байбек 2019 жылдың 29 маусымынан бері «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Ол 2013-2015 жылдары да партия төрағасының бірінші орынбасары болды. Әр жылдары Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Алматы қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.