Halyq Uni логотип
×

6 өңірде сабақ оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар көп

Бұл мәселені шешу үшін Zhas Project пилот жобасы жүзеге асырылып жатыр

 Дәурен Ерболат 03.08.2022 | 16:24
6 өңірде сабақ оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар көп
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстандағы 6 облыста не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін NEET жастары көп. Бұл туралы АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Бүгінде елімізде 14-29 жасқа дейінгі 3 млн 700 мың жас бар.

Оның ішінде NEET жастарының саны 200 мыңнан асады немесе – 6,7%. Бүгінде Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында NEET жастарының көрсеткіші өте жоғары. Біздің мақсатымыз осындай жастардың үлесін төмендету, - деді Қайрат Баймульдинов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасы бұл мәселені шешу үшін Zhas project пилот жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Жоба әлеуметтік жағдайы төмен жастардың бастамаларын қолдауға, олардың әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға бағытталған. Жалпы 250 жобаға қолдау көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Биыл 10 тамызға дейін шағын грант беру конкурсына құжаттарды қабылдаймыз. Грант сомасы – 1 млн теңге», - деді басшы.

Оның айтуынша, Zhas project не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастардың үлесі басым өңірлерде іске асырылады.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Ғалым Құрманның айтуынша, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жобаны үйлестіретін үкіметтік емес ұйымдарды анықтауға бағытталған 4 конкурс өткізілген.

«Нәтижесінде барлығы 24 өтінім келіп түсті. Оның тоғызы Алматы облысының, жетеуі Түркістан облысының, алтауы Маңғыстау облысының, екеуі Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдарынан түсті. Өтінімдерді қабылдау 10 тамызда аяқталады. Биылғы жобаның басты ерекшелігінің бірі – грант қаражатының ақшалай қолға берілмейтіні болып саналады», - деді басқарма төрағасы.

Ол конкурсқа бөлінетін қаражат бақылауда болатынын атап өтті.

Егер бұрын Zhas Project жобасын іске асыру шеңберінде қаражат грант алушының шотына тікелей жіберілсе, биыл грант иегерінің сметасына сәйкес жастарға жобасын іске асыруға қажет жабдықтар, құралдар және басқа да заттар беріледі. Керек заттар жиынтығының құны 1 млн теңгеден аспауы тиіс, - деп түйіндеді сөзін Ғалым Құрман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама