Балқаштың балықтары сасып жатыр

Еркеғали Болатұлы

Сынамаға алынған су құрамынан ешқандай зиянды зат табылмаған

фото: ашық дереккөз

Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр тұсында балық қырылып жатыр. Балықшылар ол туралы бейнежазбаны әлеуметтік желілерге таратқан еді.

Осы оқиғадан кейін Табиғат қорғау прокуратурасы мен экология департаментінің және Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы комиссия құрып, жедел тексеру жүргізді деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Жетісу облыстық экология департаментінің мәліметінше, сынамаға алынған су құрамынан ешқандай зиянды зат табылмаған. Көл бетінен жинап алған 183 келі табаннан басқа балық түрлеріне зиян келмепті. Соған қарағанда қырылған балықты балықшылар лақтырып кеткен болуы мүмкін. Олардың кім екенін полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

«Қазір экологиядан қорытындысы келді. Су дұрыс, бәрі таза. Полиция департаменті өлі балықтарды кімдердің лақтырғанын анықтап жатыр. Жауапсыз балықшылар лақтырып жіберген ғой. Балығы сасып кеткен», - дейді Қаратал балық инспекциясының бөлім басшысы Болат Тұманов.