АЭС: Қазақстан АҚШ-тың ұсынысынан бас тартты
Себебі, референттік блок болмаса тұрақты, сенімді станция салу мүмкін емес
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Атом электр станциясының құрылысына АҚШ-тың ұсынысынан бас тартқанын мәлімдеді.
АЭС-қа қатысты айтсам, бұған дейін лайықты технология таңдап жатқанымызды айтқан едім. Әзірше қандай да бір технологияны таңдап алған жоқпыз. Өткен жылы Түркия, Франция, Оңтүстік Кореяға, Біріккен Араб Әмірліктеріне бардық. Енді жоспарда Венгрияның нысандары бар. Барлық стансия әртүрлі технологиямен салынған. Түркиядағы АЭС ресейлік «Росатом» технологиясымен жұмыс істеп жатыр, – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы ретте, министр еліміздің АҚШ-тың технологиясынан бас тартқанын атап өтті.
Біз АҚШ технологиясын қарастырмаймыз деп шештік. Себебі, онда референттік блок жоқ. Бұл технология бойынша тұрақты, сенімді станция салу мүмкін емес, – деді ол.
Оның айтуынша, АЭС-ті салғанда барлық елдердің технологиясын зерттеп алу керек. Қазір бірнеше вариант бар. Біздің елде АЭС-тің орнын таңдау үшін қауіпсіздік, сесмикалық зерттеу әлі болып жатыр. Дегенмен, шамамен құрылыс алаңы таңдалды. Ол - Балқаш көлінің маңындағы Үлкен елді мекені.