Halyq Uni логотип
×

«5:32»: Salem social media айыптауларға жауап берді

Salem компаниясы керісінше, өзінің аудиовизуалды құқығы бұзылғанын мәлімдеді.

 Халық үні 02.08.2022 | 20:26
«5:32»: Salem social media айыптауларға жауап берді
фото: ашық дереккөзден

«5:32» сериалын түсірген Salem social media компаниясы Асқар Жалдиновтың мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Өткен тәулікте бірнеше БАҚ Salem командасы мен Әлішер Утев бастаған сериал өндірушілері және сценарий авторлары интеллектуалдық меншік нысанын ұрлады деген айыптаулар жариялағанын байқадық. Осы орайда, келесідей мәлімдемелер жасаймыз: Salem social media мен Әлішер Утев дәл қазіргі сәтте ешқандай сотқа дейінгі наразылық алған жоқ; Асқар Жалдиновтың тарапына интеллектуалдық құқық бұзушылық жоқ, кітап та, сериал да еліміздің криминалды тарихына байланысты оқиғалар мен фактілерді суреттеген. Оқиғалар мен фактілер туралы ақпарат авторлық құқықпен қорғалмаған. Оқиғалар мен фактілердің шығармашылық интерпретациясын кез келген адам жасай алады», - деп жазылған компания хатында.

Сонымен бірге, Salem компаниясы керісінше, өзінің аудиовизуалды құқығы бұзылғанын мәлімдеді. «5:32» сериалының видеофрагменттері кітаптың жарнамасында қолданылғанын алға тартады.

«Ұрлыққа қатысты айыптаулар тұтас команданың, жобаны өндірушілердің жұмысын жоққа шығарады, компанияның іскерлік беделіне және веб-сериал авторларының ары мен абыройына нұқсан келтіреді.

«5:32» сериалының сценарий негізінде жатқан оқиғалар шынайы өмірден алынған, шынайы фактілерге құрылған. Бұл қолданыстағы хроникалар, оларды әр түрлі қайнаркөздер ашық қолданады және интерпретация мен көркем шығарма өндірісінде кез келген адам қолдана алады.

Salem өз іскерлік беделін және интеллектуалды меншікке қатысты құқығын қорғауға мүдделі», - деп хабарлады Salem social media.

Бұған дейін «Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы» кітабының авторы Асқар Жалдинов «5:32» сериалын түсіргендерді сотқа бергенін хабарлаған еді.

Айта кетейік, «5:32» сериалында қатыгез адам өлтіру қылмысын ашып, маньяктарды ұстаған қазақстандық полицейлер туралы баяндалады. Сериал 1990 жылдары болған шынайы оқиғаларға негізделген. Басты рөлдерде Әбілмансұр Серіков пен Марат Әміраев ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама