Моңғолияның тұңғыш Олимпиада чемпионы досын өлтіргені үшін 16 жылға сотталды

Дастан Жұмабекұлы

Оның қолынан дзюдошы Эрдэнэбилэг Энхбат көз жұмған

фото: ашық дереккөз

Ұлан-Батордың соты Моңғолия Ұлттық Олимпиада комитетінің бұрынғы басшысы, осы елден шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Найдангийн Тувшинбаярды жас кезінен бірге өскен досын өлтіргені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл туралы Insidethegames порталы «Sonin» басылымына сілтеме жасап хабарлады. 

2021 жылдың сәуір айында Тувшинбаяр мас күйінде жас кезінен бірге өскен досы, дзюдошы Эрдэнэбилэг Энхбатты ұрып, өлтірген болатын. Зардап шеккен спортшы басынан ауыр жарақат алып, емханаға жеткізіліп, қайтыс болған еді.

Ал Тувшинбаяр 20 күндік қамаудан кейін Моңғолияның ҰОК басшысы қызметінен кеткен. 

38 жастағы Тувшинбаяр 2008 жылы 100 кг салмақта Бейжің Олимпиадасының чемпионы болған. 2012 жылы Лондонда өткен төрт жылда бір келетін дүбірлі додада дзюдодан күміс жүлдені жеңіп алған. Одан кейін 2014 жылы Инчхонда жалауы желбіреген Азия ойындарында топ жарған. 2017 жылы Будапешттегі әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген.