Павлодар соты қаңтарда тәртіпсіздік ұйымдастырған 6 адамға үкім кесті
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің және құжаттық айғақтармен, бейнежазбалармен, сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді
Павлодарда қаңтар оқиғасына қатысқан 6 адамға сот үкімі шықты. Олардың барлығы кінәлі деп танылып, бірақ екеуі ғана нақты мерзім алды деп хабарлады Павлодар облыстық сотының ресми сайты.
Сот анықтағандай, Павлодар қаласында К. деген азамат Павлодар облысы әкімдігінің ғимараты алдында қоғамдық қауіпсіздікке қарсы жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, оған сотталушылар Д. және Б.-мен бірге қаланың өзге тұрғындарын шақырған.
Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздікке Б., Е., А., С. қатысып, Е. полиция қызметкеріне күш қолданған. Қ.-ның және жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан облыс әкімдігінің ғимаратына – 2 131 168 теңге, «Т» ЖШС-не – 227 200 теңге, жәбірленуші А.-ға – 456 346 теңге мүліктік залал келтірілген.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің және құжаттық айғақтармен, бейнежазбалармен, сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді, - делінген сот хабарламасында.
Прокурор жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы К.-ге 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, қалғанына қатысу дәрежесіне қарай бас бостандығынан айыруды, шартты түрде соттауды және бас бостандығын шектеуді тағайындауды сұраған. Барлық сотталушы кінәсін мойындаған.
Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін және сотталушылардың жеке басын ескере отырып, сот К.-ге 6 жыл бас бостандығынан айыру, Б.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру, Е., А. және С.-ға 3 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру, Д.-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.