Қалалық зообақ басшылығы түлкінің неліктен бұратылып жатқанына қатысты түсініктеме берді
Қарағанды зообағына келушілер күннің ыстығында аянышты күйде жатқан түлкінің суретін желіге салып, басшылықтан жабайы аңдарды дұрыс тамақтандыруды талап етті.
Бұл туралы сурет Instagram-дағы Патриот Караганды парақшасына жарияланды.
Бұған көзге жас алмай қарау мүмкін емес. Түлкілер жай ғана аштан өліп жатыр. Мен зообақ қызметкеріне барып, аштан өлейін деп жатқан түлкінің суретін көрсеттім. Ол маған айғайлап, түлкіге демалыс күндері тамақ берілмейтінін айтты, - дейді оны суретке түсіріп алған әйел.
Осы орайда қалалық зообақ басшылығы түлкінің неліктен бұратылып жатқанына қатысты түсініктеме берді. Олар белгілі бір күндері аңдарды тамақтандыруға болмайтынын жеткізді.
«Бұл – зообақтарда қолданылатын әлемдік тәжірибе. Жеңіл тамақ ішіп, аш жүрген күндер олардың ағзасына жақсы әсер етеді. Бұл аңдардың өмірін ұзартуға көмектеседі. Жабайы аңдарға тамақ берілмеген күнді қорлау деп түсінбеу керек. Қасқылар мен мысық тектес аңдардың аш жүретін кезі табиғатта көп кездеседі. Аңдарға күн сайын жақсы олжа жолыға бермейді ғой... Мысалы, қасқыр бір күнде 10 келі тамақ жеп, бірнеше күн бойы аш жүруі мүмкін. Сондықтан біз зообақтағы аңдарды айына бір рет аш қалдырамыз. Түлкінің ағзасы да солай құрылған. Олардың көлемі үлкен емес. Жүйелі түрде тамақтанады, толық дәрумендер кешенін беріп отырмыз», - деп мәлімдеген NUR.KZ тілшісіне зообақ әкімшілігі.