×

Сотта 10 жылға сотталған Нұрлан Таубаевтың аппеляциялық шағымы қаралды

Келесі сот отырысы 15 тамызда өтеді

 Айнұр Асылбекқызы 02.08.2022 | 13:08
Halyq Uni/Ainur Saparova

10 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаевтың апелляциялық шағымы бойынша алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Таубаевтың апелляциялық шағымы 2 тамызда Атырау облыстық сотында қаралды.

Айта кетейік, сотталған экс-шенеунік сот үкімімен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Ал оның сыбайласы облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров сот үкіміне шағымданбады.

Сот үкімімен прокуратура да келіспей отыр. Прокурор облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Басаров жазасын қоныстану колониясында емес, қатаң режимдегі колонияда өтеуге тиіс деп санайды.

Атырау облысы сотының сот алқасы тараптардың өтінішін қарап, Таубаевтың адвокаты Руслан Сағымбаевтың өтінішін қанағаттандырды. Ол сот отырысының аудио-бейнежазбаларымен танысуға уақыт беруін сұрады.

Келесі сот отырысы 15 тамызда өтеді.

Айта кетейік, 17 мамырда Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен Таубаев 10 жылға, Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

2020 жылдың шілдесінде Атырау облысының әкімдігімен Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС арқылы орындаған.

Сотталушы Нұрлан Таубаев облыс әкімінің орынбасары құрылыс саласына жетекшілік етіп, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Тимур Басаровтың (құрылыс басқармасының басшысы) қатысуымен пара сомасы 7% – 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген.

Таубаев сотталушы Басаровқа ақшаны алып келуді тапсырған. Содан кейін Басаров жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама