ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев Қаңтар оқиғасы кезіндегі шығынның бәрі ұйымдастырушыларға айып ретінде тағуды ұсынды.
Қайғылы оқиғалар барысында көптеген азамат зардап шекті. Олардың бірқатары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушылардың ықпалына еріп, қылмыс жасауға барған. Осының салдарынан мемлекеттік органдардың 71 ғимараты, 700-ден астам автокөлік жойылып, зақымдалған. Оның ішінде жедел жәрдем, полиция қызметкерлерінің және өртке қарсы қызметтердің көліктері де бар, - деді ол брифингте.
ІІМ өкілінің айтуынша, 1,5 мыңнан астам бизнес нысан зардап шеккен. Оларға аса ірі мөлшерде шығын келтірілген.
Ең өкініштісі, азаматтар мен күш құрылымдардың қызметкерлері қаза тапты. Осы салдардың барлығы террорлық шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға айып ретінде тағылуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі олар дәл осындай зардаптардың болатынын алдын ала болжап білген әрі қалаған, сондай-ақ елдегі қалыпты жағдайдың шиеленісіп, тұрақсыздануын қалаған, - дейді Қожаев.