«Аллаһу акбар» деп айқайлаған: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
Қазіргі уақытта зардап шеккен қызметкерлер жансақтау бөлімінде жатыр.
Жамбыл облысындағы ЖД-158/7 түзеу мекемесінде сотталушы түрменің үш қызметкеріне шабуыл жасап, оларды жаралады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-парақшасында хабарлады. Ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады.
Оқиға бүгін, 1 тамызда таңғы 8:35 шамасында болған. Надир Акмишев есімді сотталушы «Аллаһу акбар» деп айқайлап, қырынуға арналған ұстараның алмасымен күзетшілердің бірінін кеудесін тіліп жіберген. Жарақат алған әділет лейтенанты Мекембай Б. жасақ командирі болған. Сотталушыны тоқтатпақ болған Ибрашев М., Төребеков Е. есімді түрме қызметкерлері де жараланған.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/7 мекемесінде таңғы тексеріс кезінде сотталушы мекеме әкімшілігі қызметкеріне шабуыл жасады. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы бірқалыпты. Қызметкерлерге шабуыл жасаған сотталушы тәртіп изоляторына оқшауландырылды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметтік тергеу тағайындады, - делінген ақпаратта.
Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев зардап шеккендердің жағдайы ауыр екенін айтты.
Қазіргі уақытта зардап шеккен қызметкерлер жансақтау бөлімінде жатыр. Оларды қалалық жедел жәрдем қызметі аурухана жедел жеткізді. Дәрігерлер оларға шұғыл ота жасады. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр, – деді ол.