«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр 60 жасқа толды
Республикалық Astana aqshamy газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Еркін Қыдыр мерейлі 60 жасқа толды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ журналистикасында айшықты қолтаңбасы бар Еркін Сағындықұлын мерейтойымен құттықтады. Құттықтау хатты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тапсырды.
Құрметті Еркін Сағындықұлы! Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын!
Қарымды қаламгер, іскер азамат ретінде өзіңізге жүктелген маңызды міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындап, сенім үдесінен шыға білдіңіз. Ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп, отандық журналистиканың өркен жаюына үлес қостыңыз.
Бүгінде «Астана ақшамы» ұжымына басшылық жасап, елордамыздың экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени дамуын насихаттауға атсалысып келесіз. Қолға алған жобаларыңыздың сәтті жүзеге асуына сенім білдіремін.
Сізге зор денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін, – делінген Президент құттықтауында.
Еркін Қыдыр – Президент сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісімен марапатталған.
Ол «Ұсақталма, Үкімет», «Отырар», «Кәусар кез» кітаптарының авторы.