Қаңтар оқиғасы бойынша 300-ге жуық адам қамауда отыр – Бас прокуратура
Олардың құқығы толық қорғалған
Елімізде қаңтар оқиғасы бойынша 286 күдікті қамауда отыр. Бұл туралы Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметі басшысының орынбасары Нұрлыбек Сәбитов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы бойынша Қазақстанда сотқа дейінгі 5 мыңнан аса тергеп-тексерулер тіркелген. Айта кетсек, мемлекеттік объектілерді өртеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында анықталған болатын.
Жаппай тәртіпсіздіктерге ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері және бұрын сотталған адамдардың қатысқанын арнайы прокурорлар анықтады. Бүгінде барлық қылмыстық іс бойынша 286 күдікті қамауда отыр. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуде, қаруларды жымқыруда, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауда белсенді түрде қатысқандығы анықталған, - деді Нұрлыбек Сәбитов ОҚК-де өткен брифинге.
Ол әрбір қамауға алынған күдіктінің қылмыстарға қатысы бар-жоғы туралы жеткілікті мәліметтер барын атап өтті.
«Олардың барлығына қорғалу құқығы, санитарлық нормалар, тамақтану, дәрі-дәрмектер және ұстаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етіліп жатыр. Қажет тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін немесе процестік келісім жасалғаннан кейін істер бірден сотқа жолдануда. Қаңтардағы оқиғалар бойынша сотқа барлығы 474 қылмыстық іс жолданды, олар бойынша 717 адам сотталды», - деді Арнайы прокурорлар қызметі басшысының орынбасары.