×

«Қарақалпақстан қалады»: Өзбекстанда Конституцияға енгізілген өзгерістерді талқылау аяқталды

Республиканың статусына қатысты баптар алынып тасталды

 Дастан Жұмабекұлы 01.08.2022 | 11:37
фото: ашық дереккөз

1 тамыз күні сағат 00.00-де Өзбекстан Конституциясына енгізілген өзгерістерді жалпыхалықтық талқылау аяқталды. Ол 25 маусымнан бері жалғасты. 

Gazeta.uz-дің хабарлауынша, конституциялық комиссия 117 мың ұсыныс түскенін мәлімдеді.

Енді депутаттар жобаны пысықтайды. Бұл процестің қаншалықты ашық болатыны белгісіз.

Алдымен талқылауға 10 күн берілді. Сонда депутаттар бұл уақыттың аздығын мойындап, тағы 10 күн қосты. Одан кейін талқылауды тағы 15 күнге ұзарту туралы шешім қабылданды.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мәліметіне қарағанда, Заң шығару палатасының жауапты комитеттері ұсыныстарды қорытындылау және талдау, сондай-ақ заң жобасын пысықтау жұмыстарын жалғастырады.

Заң жобасын да, жалпыхалықтық талқылауды ұзарту туралы шешімдерді де депутаттар бірауыздан қабылдады.

Түзетулер жобасын конституциялық комиссия бір айдың ішінде әзірледі. Одан кейін комиссия басшысы Акмал Саидов «конституциялық реформаларды жүргізудегі Өзбекстанның бірегей тәжірибесіне» тоқталып, оны «өзбектің ноу-хауы» деп атады.

1-2 шілдеде Қарақалпақстанда республиканың статусын өзгерту бойынша ұсынылған түзетулермен туындаған ереуілден кейін жобадан Қарақалпақстанға қатысты баптар алынып тасталды.

Комиссияның хабарлауынша, 30 шілдедегі жағдай бойынша азаматтар мен ұйымдардан түзетулер туралы заң жобасына 117 300-ден астам ұсыныс түскен (оның 62 мыңнан астамы түзетулер жобасы жарияланғанға дейін болған).

Олардың басым бөлігі – 77,6 мыңы телефон арқылы алынған. «Бұл менің Конституциям» сайты арқылы 24,3 мың ұсыныс түскен. Азаматтар 14,5 мың ұсынысты өз бетінше жеткізді. Ұжымдық өтініштердің саны – 860-қа жуық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама