«Денесі әлі табылған жоқ»: Атырау облысында әкім суға батып кетті

Халық үні

Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

фото: capital.kz

Атырау облысы Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыш суға батып кетті. Бұл туралы округ әкімі полицияға хабарлады.

«31 шілдеде кешкі сағат 21:30 шамасында Махамбет ауданына қарасты Ортақшыл ауылында  Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыш Жайық өзенінде шомылып жүргенде суға кетті», - делінген ақпаратта.

Аудан әкімінің денесі әлі табылған жоқ. 

Атырау облысы төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адамның суға кеткені туралы 22:38-да хабарланды. Оқиға орнына облыстың жедел-құтқару жасағының 3 құтқарушысы мен техникасы жіберілді. Сондай-ақ оқиға орнына Махамбет ауданы төтенше жағдай бөлімінің бастығы барды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Ринат Жанқылыш 1982 жылы туған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласында экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес департаментінде аға тергеуші ретінде бастаған.

Әр жылдары Атырау, Тараз қалаларында «Қазақстандық құбыр зауыты» ЖШС, «Қазақстан құбыр оқшаулау зауыты» филиалында басшылық қызмет атқарған.

Ринат Жанқылыш 2021 жылдың ақпанында Махамбет ауданының әкімі болып тағайындалған.