Қазақстандықтар 1,2 млн теңгеден қайтарымсыз ақша ала алады

Халық үні

Грант алуға өтінім қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асады

фото: ашық дереккөзден

Business.enbek.kz порталында 8 тамыздан бастап бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал.

Грант көлемі - 400 АЕК (1 225 200 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінімді былай беруге болады:

• Порталда тіркелу;

• грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

• бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

• өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грантты кімдер ала алады:

1. тіркелген жұмыссыздар;

2. жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін);

3. бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

1. мүгедектігі бар адамдар;

2. қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

3. өңіраралық қоныс аударушылар

4. аз қамтылған отбасы мүшелері;

5. көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);

6. мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);

7. асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

8. жастар.

Үміткердің «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды.

Грант алуға өтінім қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асады. 

Грантпен қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, жануарлар, құс, көшет, бұта, тұқым сатып алуға, орынжайды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Грант қаржысымен тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскесін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге болмайды.

Грант халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімімен беріледі.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады.

Бұл ретте комиссияның әр мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеті, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.

Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.

Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.