Тергеу жұмыстарына облыстық полицияның тергеу басқармасындағы ең тәжірибелі қызметкерлер жұмылдырылды
Панфилов ауданының Шолақай ауылында кәмелетке толмаған баланы зорлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу жұмыстары облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Бұл туралы Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Полицияның хабарлауынша, аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті анықталып, қамауға алынды. Тергеу барысында күдікке ілініп, ұсталған жергілікті тұрғынның 1984 жылы туғаны және бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сондай-ақ, оның айуандықпен жасаған қылмысының іздерін жасыру мақсатында мәйітті өртеуге тырысқаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 10-тармағы (басқа қылмысты жасыру мақсатында) және 14-тармағы (көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру), сондай-ақ ҚР ҚК 120-бабы 3-бөлігі 1-тармағы (кәмелетке толмаған адамды зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген полииция таратқан ақпаратта.
Аталған қылмысты облыстық департаменттің қызметкерлері мен Панфилов ауданының полицейлері бірлесіп әшкереледі. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу іс-шаралары толыққанды жүргізіліп жатыр. Дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды.
Жәбірленушінің тараптың жасөспірім қыздың өліміне басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін деген болжамдары ескеріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында күмән тудырған жайттар жан-жақты тексеріледі. Тергеу жұмыстарына облыстық полицияның тергеу басқармасындағы ең тәжірибелі қызметкерлер жұмылдырылды.
Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес күдіктінің аса ауыр қылмысы үшін ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ полиция әлеуметтік желіде осы дерекке қатысты жалған ақпарат тоқтаусыз таратылып жатқанын, жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Айта кетейік, қазір Панфилов ауданында полиция жасағы күшейтілді. Елді мекендердегі құқықтық тәртіп бақылауға алынды.
Бұған дейін Жетісу облысының баспасөз қызметі жекелеген әлеуметтік желілерде қыз баланы ұлты басқа бірнеше азамат зорлап өлтірген деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.